Алматы Орталық Азияның бас гастрономиялық бағытына айналып келеді. Қала танымал Eater басылымының «Where to Eat 2026» гастрономиялық бағыттар тізіміне енді, деп хабарлайды infohub.kz.
Тізімді құрастырушылар Алматыда соңғы бірнеше жылда өңірдің бас аспаздарын біріктірген алғашқы Almaty Food Fest фестивалі өткенін және қаланың алғашқы гастрономиялық нұсқаулығы шығарылғанын ерекше атап өтті.
Басылымның бағалауынша, мол кеспелі бешбармақ, классикалық қазы, етті самса, қуырылған бауырсақ пен қуырылған лағман арқылы саяхатшылар жергілікті көшпелі дәстүрлердің мұрасын, сондай-ақ ұйғыр, орыс, өзбек, корей, түрік және үнді асханаларының ықпалын сезіне алады. Дәстүрлі дәмдер әлі де Жасыл базарда кеңінен ұсынылған, ал заманауи нео-көшпенді бағыттағы мейрамханалар оларды өзекті интерпретацияда береді.
«Биылғы жылы гастрономиялық саяхаттың үздік бағыттарын таңдағанда, біз тек ең жақсы мейрамханаларды ғана емес, сонымен қатар оларды шын жүректен ұсынатын адамдарды да іздедік. Біздің авторлар өздері жақсы білетін орындарды (көпшілігі бұл жерлерді өз үйі санайды) осы тізімге енгізді, ал бас аспаздар мен мейрамхана иелері оларды шабыттандыратын дүние жүзіндегі дәмді мекемелерді ұсынды. Қазақтың нео-көшпенді мерекелік дастарханы биыл, сөзсіз, керемет дәмдік саяхатты уәде етеді», – деп жазады басылым.
Айта кетейік, Eater – мейрамханалар мен гастрономияға арналған әлемдегі ең ықпалды басылымдардың бірі. Оның тізіміне ену қаланың халықаралық танымалдылығын арттырып, гастрономиялық туризмнің дамуына оң әсер етеді.


