Алматыда полиция қызметкерлері көшедегі жанжал кезінде итін адамдарға тастаған әйелдің жеке басын анықтады. Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тараған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желілерде әйелдің жүргіншімен жанжалдасып, оған итін лақтырған видеосы пайда болған соң, алматылық полицейлер тексеру бастағаны хабарланған еді.
Бүгін Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі NUR.KZ тілшісіне қоғамдық резонанс тудырған бейнежазбадағы әйелдің жеке басы анықталған соң қандай шаралар қолданылғанын мәлімдеді.
«Полицейлер әйелдің психоневрологиялық есепте тұрғанын анықтады. Қазіргі таңда ол қажетті көмек көрсету үшін арнайы медициналық мекемеге жеткізілді», — деді полицияда.
Алматы полиция департаменті оқиға фактісі бойынша тексеру жалғасып жатқанын қосты. Оқиғаның барлық мән-жайы, соның ішінде жануарға қатысты әрекеттер де анықталуда. Нәтижесі бойынша тиісті құқықтық баға беріледі, деп сендірді баспасөз қызметі.


