Алматыда 14 тамызда американдық рэпер Канье Уэстің (YE) концертіне байланысты Орталық стадион маңында көлік қозғалысы шектеледі. Қала әкімдігі жабылатын көшелердің тізімін жариялады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, концерт күні Орталық стадионда өтетін шараға келушілер үшін қауіпсіздік пен көлік қолжетімділігін қамтамасыз ету шаралары ұйымдастырылады. Басты назар қоғамдық көлік жұмысына аударылған: іс-шара аяқталғаннан кейін қонақтарды қаланың алты бағыты бойынша 60 тегін шаттл тасымалдайды.

Көрермендерге ыңғайлы болу үшін автобустар Орталық стадионнан келесі нүктелерге қатынайды: «Алматы Арена» — 10 автобус; Райымбек батыр/«Алатау» метро станциясы — 10 автобус; Алматы-1 теміржол вокзалы — бес автобус; Орбита — бес автобус; Жұлдыз шағын ауданы — 10 автобус; Алматы халықаралық әуежайы — 10 автобус.

Сонымен қатар, қоғамдық көлік пен метрополитен жұмысы күшейтіледі. «Байқоңыр» метро станциясы сағат 21:00-де жолаушылар үшін жабылады. Концертке келушілерге «Абай» және «Мұхтар Әуезов атындағы театр» станцияларын пайдалану ұсынылады. Метро жұмысы кемінде сағат 01:00-ге дейін, қажет болған жағдайда 03:00-ге дейін ұзартылады.

Концерт өткізуге және қауіпсіздік шараларына байланысты сағат 16:00-ден бастап Орталық стадион маңында көлік қозғалысы кезең-кезеңімен шектеледі. Жабылатын көшелер: Абай даңғылы, Байтұрсынов көшесі, Сәтпаев көшесі.

«Қауіпсіздік қызметтерінің шешімі бойынша жекелеген учаскелер ертерек жабылуы мүмкін. Орындарда полиция департаментінің қызметкерлері кезекшілік етіп, жол қозғалысын бақылауды қамтамасыз етіп, кептелістерді болдырмауға көмектеседі», — деп хабарлады әкімдікте.

Алматы тұрғындары мен қонақтарына маршруттарын алдын ала жоспарлау, мүмкіндігінше қоғамдық көлікті пайдалану және қала орталығындағы уақытша шектеулерді ескеру ұсынылады.

Еске салайық, 17 шілдеде Канье Уэстің Алматыдағы концерті туралы ақпарат пайда болды. Алдымен бұл туралы оның менеджері Джозеф Карре хабарлады, кейін Алматы әкімдігі концерттің 14 тамызда сағат 21:00-де Орталық стадионда өтетінін растады.

Полиция сонымен қатар интернетте алаяқтардың концертке жоқ билеттерді сатып жатқанын хабарлаған болатын. Бүгін Алматы полициясы Канье Уэсттің жанкүйерлеріне билет сатып алу кезінде алаяқтардың құрбаны болмау жөнінде ұсыныстар жасады.