Алматыда Рысқұлов даңғылындағы көпірде жеңіл және жүк көліктері қатысқан жаппай жол-көлік оқиғасы болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Таңертең ерте болған апаттың куәгері Instagram әлеуметтік желісінің пайдаланушысы dima_motovoz болды. Оның айтуынша, апатқа төрт көлік, оның ішінде жүк көлігі түскен. Бір көлік қарсы жолаққа шығып кеткен, көліктердің шанағы, аспасы мен дөңгелектері зақымданған.

NUR.KZ тілшісі Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметінен түсініктеме сұрады. Онда апат Жетісу ауданында таңғы 06:30-да болғанын растады.

«Алдын ала деректер бойынша, Toyota Camry көлігінің жүргізушісі Рысқұлов даңғылымен шығыс бағытта келе жатып, Сүйінбай даңғылына жетпей, қауіпсіз арақашықтықты сақтамай, сол бағытта келе жатқан Toyota көлігімен соқтығысқан. Соқтығыс салдарынан Toyota Camry жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қарсы жолаққа шығып кетіп, батыс бағытта келе жатқан Lada мен FAW көліктерімен кезек-кезек соқтығысқан», — деп нақтылады полицияда.

Барлығы апатқа төрт көлік қатысқан. Оқиға салдарынан Lada көлігінің жүргізушісі медициналық көмекке жүгінген.

Полицияда апат фактісі бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын қосты. Жетісу ауданы полиция басқармасының қызметкерлері болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.