Алматыда екі жас таңертең тауға шыққан, алайда қараңғы түскенде өз бетінше төмен түсе алмай қалды — оларға құтқарушылар көмекке келді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Төтенше жағдайлар министрлігінің нақтылауынша, 2003 және 2008 жылы туған туристер Скалистый шыңы маңында, 3332 метр биіктікте болған.
«Жас жігіттер тауға таңертең шыққан, бірақ қараңғы түскенде өз бетінше төмен түсуді жалғастыра алмады. Олармен байланыс үзілмеді, геолокациясы белгілі болды. Келген құтқарушылар туристерді «Алма-Арасан» аялдамасына дейін аман-есен шығарып салды. Жас жігіттерге медициналық көмек қажет болмады. Одан әрі олар үйлеріне өз бетінше баруды жоспарлаған», — делінген ведомство хабарламасында.
ТЖМ тауға шығар алдында ауа райы жағдайын, қараңғы түсу уақытын, маршруттың күрделілігін және өз дене мүмкіндіктерін ескеру қажет екенін еске салды.
Сондай-ақ құтқарушылар қажетті дайындықсыз және жабдықсыз тауға шықпауға шақырды.


