Семейде 53 жастағы әйел TikTok-тағы тікелей эфирде тағы да былапыт сөйлегені үшін психикалық денсаулық орталығына үш айға мәжбүрлеп жатқызылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

NUR.KZ-тің Абай облысы полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлауынша, құқық қорғаушылар TikTok-тағы тікелей эфирге назар аударған. Онда Семей тұрғыны былапыт сөздер қолданған. Ол бұған дейін де осындай құқық бұзушылық үшін жауапқа тартылғаны белгілі болды.

«Оның жеке басын жедел анықтадық. Ол — Семейдің 53 жастағы тұрғыны. Тамыз айында осындай құқық бұзушылықтары үшін сот оған әкімшілік қамау жазасын тағайындаған болатын», — делінген ведомство хабарламасында.

Полицейлер оның үйіне жедел жәрдем бригадасымен бірге барды. Сонымен қатар полицияның нақтылауынша, оның бірге тұратын азаматынан да шағымдар түскен.

«Әйел психикалық денсаулық орталығына үш ай мерзімге мәжбүрлеп жатқызылды», — деп қосты полицияда.

Абай облысы полиция департаментінде әлеуметтік желілердегі қоғамдық тәртіпті бұзу да заңда көзделген жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды. Ведомствода «Заң және Тәртіп» қағидаты баршаға ортақ екенін атап өтті.