Алматыда кәмелетке толмаған жүргізуші көлікпен жеке үйдің қоршауына соғылды. Оқиға 1 қыркүйекте таңертең болған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жол апатының салдары түсірілген видео Instagram-дағы sergek.kaz парақшасында жарияланды. Кадрларда Nissan Patrol жылдамдықпен тас қоршау мен қақпаға соғылып, олардың бір бөлігін толығымен қиратқаны көрінеді.
Алматы полиция департаментінің мәліметінше, апат сағат 10:00-де Түрксіб ауданында болған. Кәмелетке толмаған жүргізуші Тоқтөғұл көшесімен оңтүстік бағытта келе жатып, Артиллерийская көшесінің қиылысында рульге ие бола алмай, жеке үйдің металл қоршауына соғылған. Жол апатынан ешкім зардап шеккен жоқ.
Түрксіб ауданы полиция басқармасының қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін кәмелетке толмаған жүргізушінің ата-анасы жауапқа тартылады.


