Жыл басынан бері Алматы метрополитенінде полиция қызметкерлері тыйым салынған заттарды өткізбек болған 310 азаматты ұстады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Polisia.kz мәліметінше, метроға кірер кезде тексеру кезінде заңсыз айналымнан 29 пышақ, кастетке ұқсас 62 зат, сондай-ақ 4 оқ-дәрі тәркіленді. Жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін станцияларда 604 бейнебақылау камерасы орнатылған, олардың бір бөлігі нақты уақыт режимінде бет-әлпетті тану функциясымен жабдықталған.

Метрополитендегі полиция басқармасының бастығы Орал Ахимов жолаушыларды белгіленген ережелерді сақтауға, тыйым салынған заттарды өткізуге тырыспауға және кез келген күдікті заттар мен құқыққа қарсы әрекеттер туралы дереу полиция қызметкерлеріне немесе метро қызметкерлеріне хабарлауға шақырды.

ІІМ деректеріне сәйкес, Алматы метрополитенінің қызметін күн сайын 110 мыңнан 130 мыңға дейін жолаушы пайдаланады, сондықтан қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылады.