Алматыдағы көпқабатты тұрғын үй кешенінен синтетикалық есірткі шығаратын жасырын зертхананың қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қазақстан Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, полицияның назарына мефедрон өндірісін тікелей көпқабатты тұрғын үй кешенінің ішінде ұйымдастырған 34 жастағы қала тұрғыны түскен.

«Шағын зертхананың ерекшелігі — қылмыскер өткір газ иісі көршілердің назарын аудармас үшін сорғышты үйдің желдету шахтасына қосып, өндірісті ғимараттың соңғы қабатында әдейі жолға қойған», — деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті басқармасының бастығы Бақытжан Әмірханов.

Тінту барысында тәртіп сақшылары бір килограмм дайын өнім, кристалдары бар алты шыны науа, дихлорметан құйылған алты бөтелке, реактивтері бар тоғыз канистр, зертханалық ыдыс, электронды таразы және жеке қорғаныс құралдарын тапты. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 4,5 кг болды.

ІІМ нақтылағандай, Қылмыстық кодекстің 297-1-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктіге өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қауіп төніп тұр.