Алматы облысында тұрғын үй кешенінің ауласында болған жол-көлік оқиғасынан екі кәмелетке толмаған бала зардап шекті. Оқиға бейнекамераға түсіп, әлеуметтік желілерде жарияланды. Көлік жүргізушісі жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

almatinec_live Instagram-парақшасында жарияланған кадрларда көліктің «Нұрия» тұрғын үй кешенінің ауласында екі баланы қағып өткені көрінеді. Жергілікті тұрғындар көлік жылдамдығы сағатына шамамен 40 шақырым болған деп болжады.

Жарияланым астындағы пікірлерде Алматы облысы полиция департаментінің өкілдері оқиға 4 қыркүйекте сағат 18:20 шамасында Талғар ауданының Бесағаш ауылында болғанын нақтылады. Оқиға салдарынан балалар әртүрлі жарақат алып, қажетті көмек көрсету үшін медициналық мекемеге жеткізілді.

Полицейлер екі кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қаққан Chevrolet Cobalt көлігінің 25 жастағы жүргізушісін жауапкершілікке тартты. Құқық қорғау органдары жүргізушілерді, әсіресе балалар болуы мүмкін тұрғын аймақтарда, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Әрбір жол қозғалысына қатысушының қауіпсіздігі жүргізушілердің мұқияттылығы мен жауапкершілігіне тікелей байланысты.