Алматы облысында құрамында 17 адам бар ұйымдасқан қылмыстық топқа сот үкімі шықты. Олар 800-ден астам көлік құралын заңсыз тіркеумен айналысқан. Әрбір айыпталушының қылмысқа қатысу дәрежесіне қарай сот 2 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, деп хабарлайды infohub.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, мемлекетке төленбеген жалпы сома 6,6 миллиард теңгеден асты. ҚМА-нің Алматы облысы бойынша департаменті жүргізген тергеу барысында қылмыстық топ екі жыл бойы белгіленген талаптарды айналып өтіп, көліктерді заңсыз тіркеуді қамтамасыз еткені анықталды.
Алғашқы кезеңде схемаға қатысушылар техникалық регламент талаптарын бұзып, Қазақстанға әкелінген 642 жүк көлігін заңсыз тіркеген. Кейін қылмыстық әрекет жеңіл көліктерге қатысты жалғасқан: «көшірмелерді жандандыру» деп аталатын схема бойынша заңсыз әкелінген көліктерге бұрын Қазақстанда тіркелген және есептен шығарылған көліктердің VIN-кодтары берілген. Осылайша тағы 209 көлік тіркелген.
Заңсыз схемаға полиция қызметкерлері, арнайы ХҚКО қызметкерлері және жеке нотариустар қатысқан. Олар ақпараттық жүйелерге жалған мәліметтер енгізіп, жалған адамдарға сенімхаттар ресімдеген. Төленбеген тіркеу алымы 5,4 миллиард теңгені, ал утилизациялық алым 1,2 миллиард теңгені құраған.
Тергеу барысында көлік иелері бастапқы тіркеу алымдарын өз еркімен төлеген, нәтижесінде мемлекетке 1 миллиард теңгеден астам қаражат өтелген. Сонымен қатар, сот үкімімен сотталғандардың қылмыстық жолмен тапқан ақшаға сатып алған бес көлігі мемлекет кірісіне тәркіленді.
Төрт бұрынғы полиция қызметкері арнаулы атағынан айырылды. Қатысы бар нотариустарға сот нотариаттық қызметпен айналысуға тыйым салды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.


