Алматы облысында букмекерлік кеңселердің шоттарына ірі сомалар аударып, жүйелі түрде құмар ойындарға қатысқан 20 жеке сот орындаушысы анықталды. Операциялардың жалпы сомасы шамамен 180 млн теңгені құрады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Облыс прокуратурасының ресми сайтында хабарланғандай, тексеру барысында олардың біреуі үш жыл ішінде ойын шотына 139 млн теңге, ал екіншісі 26 млн теңге аударғаны анықталды. Ведомство мұндай көлемдегі ақша қаражатымен қоғамдық маңызы бар функцияларды атқаратын адамдардың құмар ойындарға қатысуы кәсіби этика талаптарына қайшы келетінін және адалдық қағидаттарының сақталуына күмән келтіретінін атап өтті.
Тексеру қорытындысы бойынша прокурорлық ықпал ету актілері заңда көзделген шараларды қабылдау үшін Әділет департаменті мен Жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасына енгізілді.


