Алматы облысында 72 жастағы науқасқа салмағы шамамен 5 келіге жететін, ішінде 10 литрге жуық сұйықтығы бар ісік алынды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қарт әйел іштің төменгі бөлігіндегі қатайған түйін мен ауырсынуға шағымданып келген. Ол көпбейінді клиникалық ауруханаға жатқызылып, онда патологиялық үдерістің дамығаны анықталды. Бұған дейін зейнеткер ешқандай тексеруден өтпеген.

Компьютерлік томография (КТ) нәтижесінде науқастан алып көлемдегі ісік — кистома табылды. Ісіктің ауқымы таңғаларлық болды: алынған кистоманың салмағы шамамен 5 келі, ал ішіндегі сұйықтықтың көлемі 10 литрге жуық болған, деп нақтылады дәрігерлер.

Ісіктің көлемін, науқастың жасын және клиникалық жағдайдың күрделілігін ескеріп, отаға мамандардың мультипәндік тобы тартылды. Хирургиялық араласу аурухананың гинеколог дәрігерлерімен және хирургтарымен бірлесіп жасалды.

«Бұл айтарлықтай күрделі клиникалық жағдай болды. Ісік іш қуысының барлық дерлік бөлігін алып жатты. Мұндай жағдайда дер кезіндегі диагностика, кәсіби көзқарас және әртүрлі бейіндегі мамандардың үйлесімді жұмысы ерекше маңызды. Ота біздің аурухананың хирургтарымен бірлесіп жасалды», — деді Алматы көпбейінді клиникалық ауруханасының гинеколог дәрігері Риза Керемкулова.

Науқасқа медициналық көмек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында көрсетілгені атап өтілді.

Қазақстандықтарға тұрақты профилактикалық тексеруден өтудің және дер кезінде медициналық көмекке жүгінудің маңыздылығы еске салынды. Іш аймағындағы болмашы қатайған түйін немесе мезгіл-мезгіл қайталанатын ауырсыну да ауыр дерттің белгісі болуы мүмкін.