Алматы облысында құтқарушылар биіктігі 4464 метрде тау ауруына шалдыққан ресейлік туристі эвакуациялады. Оқиға СГУ (Свердлов мемлекеттік университеті) шыңына шығу кезінде болған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Алты адамнан тұратын топ — үш ер және үш әйел — шыңға шығып бара жатқанда, қатысушылардың бірі кенеттен ауырып қалды. Туристер Garmin спутниктік байланыс құрылғысы арқылы құтқарушыларға хабарласып, нақты координаттарын жеткізген.

Алматы әкімдігінің мониторинг және жедел әрекет ету орталығы, «Барыс» республикалық құтқару жасағы және ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшақ экипажы дереу көмекке жетті.

«Құтқарушылар 1992 жылы туған Ресей азаматын эвакуациялады. ТЖМ тікұшағы оны №4 қалалық клиникалық аурухана алаңына жеткізіп, дәрігерлерге тапсырды. Топтың қалған мүшелері эвакуациядан бас тартып, жолды өз бетінше жалғастырды», — деп хабарлады ТЖМ.

Алдыңғы күні Алматы облысында тағы бір ресейлік туристер тобына құтқару тікұшағының көмегі қажет болды. Олар 3510 метр биіктіктен эвакуацияланды. Таудағы тас құлауынан кейін 25 жастағы қыз басынан жарақат алса, 32 жастағы ер адам құлап, қолын зақымдаған. Ауа райының қолайсыздығына баланысты құтқарушылар алдымен жаяу жетуге мәжбүр болды, содан кейін авиацияны қосқан.

ТЖМ биік таулы маршруттарға шығар алдында денсаулық жағдайын алдын ала бағалау, ауа райы мен акклиматизация ерекшеліктерін ескеру, сондай-ақ төтенше жағдайларға арналған сенімді байланыс құралдарын алу қажеттігін ескертеді.