Алматы облысында ұлы қазақ ақыны Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына арналған халықаралық бәйге өтті. Жарысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен және Қырғыз Республикасынан 150-ден астам шабандоз қатысты. Спортшылар төрт дисциплина бойынша сынға түсті: құнан бәйге, топ бәйге, батақұр бәйге және аламан бәйге. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге көліктер мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ең ұзақ қашықтықта — 25 шақырымдық аламан бәйгеде — «Коксирек» атты жылқымен Павлодар өкілі Дамир Илесбек бірінші болып мәреге жетті. Жеңімпазға бас жүлде — ROX автокөлігі берілді. Жылқының иесі — Иемберген Куантаев, жаттықтырушысы — Қанат Долотбаков.
Екінші орынды Жамбыл облысының өкілі Алмасхан Базырбек «Бакторы» атты жылқымен иеленіп, 2 млн теңгеге лайық болды. Үшінші болып Астанадан Мансур Алижан «Кеменгер» атты жылқымен мәреге жетіп, оған 1,5 млн теңге табысталды. Төртінші орынды Жамбыл ауданының Көкбастау ауылынан Әмір Сералы «Желқоңыр» атты жылқымен алды.
16 шақырымдық топ бәйгеде Алматы облысының Балқаш ауданының өкілі Мерей Гарипуллин «Орда» атты жылқымен жеңіске жетті. Бас жүлде — Hyundai Palisade автокөлігі. Жылқының иесі — Алтынбай Қасым, жаттықтырушысы — Жамбыл Бобекбай.
Алматы облысының Қарасай ауданының өкілі Әділжан Асхатұлы «Секрет» атты жылқымен екінші орын алып, 1,5 млн теңге алды. Үшінші болып Алматыдан Ахмет Арнұр «Тобылғы торы» атты жылқымен мәреге жетіп, 1 млн теңге жеңіп алды. Төртінші орынды Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылынан Бейбарыс Төрехан «Абаданзор» атты жылқымен иеленді.
11 шақырымдық құнан бәйгеде Алматы облысының Балқаш ауданының өкілі Айсұлтан Саматұлы «Баккара» атты жылқымен бірінші болып мәреге жетті. Жеңімпазға Changan X5 автокөлігінің кілттері сыйға тартылды. Жылқының иесі — Назар Алтынбай, жаттықтырушысы — Жамбыл Бобекбай.
Екінші орынды «Еркежірен» атты жылқымен Ерсұлтан Жарқын иеленіп, 1 млн теңге алды. Әмір Сералы «Сұлу қасқа» атты жылқымен үшінші болып мәреге жетіп, 700 мың теңге жеңіп алды. Қырғыз Республикасының өкілі Ұмар Талантов «Байла» атты жылқымен төртінші орынды, ал Жетісу облысынан Дарын Беріш «Байрақ» атты жылқымен бесінші орынды алды.
Батақұр бәйгеде Астанадан Сержан Бақытбай «Бомаро» атты жылқымен жеңіске жетті. Жылқының иесі әрі жаттықтырушысы — Нұржігіт Табылдиев. Екінші орынды Жамбыл ауданының Ақайнар ауылынан Темірлан Айдарханов «Гаухартас» атты жылқымен алды. Үшінші болып Павлодар өкілі Дамир Илесбек «Тарлан» атты жылқымен мәреге жетті.
Халықаралық бәйгемен қатар қазақ күресі, асық ату, ләңгі ойыны, қол күресі және гир спорты бойынша облыстық турнирлер өтті. Барлығы спорттық жарыстарға 300-ден астам адам қатысты.
Халықаралық бәйге ұлы қазақ ақыны Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар аясында ұйымдастырылды.


