Алматыда жеке үйде болған өрттен бес адам қаза тапты. Үй иесі Қуаныш Кеңес өртеу болуы мүмкін деп мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Оның айтуынша, қайғылы оқиғаға бұрын осы үйде тұрған әйел қатысты болуы мүмкін. Ер адам шамамен үш ай бұрын ол мұнда өрт шығарғанын, бірақ сол кезде өртті сөндіруге үлгергенін айтады. Бұл жайт бойынша полицияға шағым түспегені атап өтілді.

Үй иесінің болжамынша, қайғылы түнде әйел қайтадан үйге кіріп, оны өртеген болуы мүмкін. Оның нұсқасы бойынша, ол жанғыш қоспаны төгіп, үй-жайды өртеген. Ер адам өз сөзін растай алатын бейнежазбалар мен куәгерлер бар екенін айтады.

Алайда бұл нұсқаны полиция әзірге ресми түрде растаған жоқ — қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын тергеу анықтап жатыр.

«100% өртеу, себебі бізде үй-жайды жалға беретін байланыстарымыз бар. Ол адамдар растады. Өртеген мына әйел сол киімімен, маскасымен, көзілдірігімен, сөмкесімен болған. Мұның бәрін растайтын адамдар да бар. Кейбіреулер камерадан көрінгені жанама дәлел деп айтады. Бірақ олай емес, өйткені оны қолынан ұстап алған адам бар. Ол негізгі есік арқылы кірген. Қоспаны төгіп, өртеген. Сосын сол жолмен шығып, негізгі есікті жауып кеткен. Мұнда тұратын адамдар сыртқа шыға алмас үшін», — деді Қуаныш Кеңес.

Алдыңғы күні таңертең Алматыда бес адамның қаза тапқаны белгілі болды — олардың денесі қаланың Бостандық ауданындағы жеке үйде өртті сөндіру кезінде табылды. Полиция өрт жайты бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Кейін Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі Бостандық ауданында бес адам қаза тапқан өрт туралы мәлімдеме жасады. Зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына қандай көмек көрсетіліп жатқаны айтылды. Көп ұзамай қайғылы оқиғаның мән-жайы белгілі болды.