Алматының Бостандық ауданында болған өртте бес адам қаза тапты, олардың бірі — бала. Апатқа куә болғандар трагедияның мән-жайын айтып берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Оқиға 25 қарашадан 26 қарашаға қараған түні болды: өрт дәліздік үлгідегі үйден шықты. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, оларды өткір түтін иісі оятқан. Үрейленген адамдар шығар жол іздеп, әркім өз білгенінше құтылуға тырысқан.
«Құрбым маған олардың оянып кеткенін, айнала түтін екенін айтты. Есікті ашуға тырысып, аша алмаған. Тұншығып қалмас үшін терезеден шығуға тура келді», — деді тұрғындар.
Сегіз бөлмелі үй өртенді — олар жалға беріліп, әр бөлмеде жеке отбасы тұрған. Куәгерлер өрттің қай жерден басталғанын әлі күнге түсінбейтінін айтады. Олардың есінде қалғаны — дәліз қою түтінге оранып, есіктен сыртқа шығу мүмкін болмаған.
Анара Тұрғанбаева күйеуі мен балаларымен осында бірнеше жылдан бері тұрады. Оның айтуынша, ол терезеден түскен жарықтан оянып, өрт шыққанын түсінген бойда отбасын құтқаруға ұмтылған. Бүкіл отбасы терезеден шықты. Заттары мен құжаттарын іздеуге әуре болмады.
«Түнгі сағат төртте терезеден жарық көріп ояндым, алаудай жарқырайды. Жақынырақ барып қарадым. Шатыр жанып жатыр — біздің терезеге таяу жерде. Отбасымды оята бастадым. Сосын кіріп-шығар есікке жүгіріп барып, аштым, бірақ түтін өте қалың еді. Ол жақтан шыға алмайтынымызды түсіндім. Үстіміздегі киіммен жиналып, терезеден шығуды шештік. Тек ұялы телефонды ғана алдық», — деп әңгімеледі ол.
Тұрғындар бір-бірімен жақсы таныс еді. Барлығы дерлік отбасылы, осында бір жылдан көп тұрған. Сол түні адамдар бір-біріне көмектесті, бірақ оттан бәрі бірдей құтыла алмады.
Өрт бес адамның өмірін қиды, оның ішінде бала да бар. Көршілердің айтуынша, ол анасы мен әпкесімен тұрған 9 жастағы қыз болған. Сондай-ақ қаза тапқандардың арасында Өзбекстанның екі азаматы болуы мүмкін деген ақпарат тексерілуде.
Кеше таңертең Алматыда бес адамның қаза тапқаны белгілі болды — олардың денелері қаланың Бостандық ауданындағы жеке үйдегі өртті сөндіру кезінде табылған. Полиция өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Кейін Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі Бостандық ауданында бес адамның өмірін қиған өрт туралы мәлімдеме жасап, зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына қандай көмек көрсетіліп жатқанын айтты.


