Алматыда қала бойынша тапаншаға ұқсайтын затпен жүрген жүргізуші полиция назарына ілініп, ұсталды. Тексеру барысында тапаншаның ойыншық екені анықталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, әлеуметтік желілерді мониторингілеу барысында жүргізушінің қаруға ұқсайтын затты көрсеткен бейнежазба анықталған.

«Медеу ауданы полиция басқармасының қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстап, полицияға жеткізді. Көрсетілген заттың ойыншық тапанша екені және атыс қаруына жатпайтыны анықталды. Құқық бұзушыға қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жіберілді», – деп хабарлады ДП-дан.

Сондай-ақ, құқық бұзушыға қатысты жол жүру ережелерін бұзу фактісі бойынша да әкімшілік іс қозғалғаны атап өтілді.

«Қоғамдық орындарда қаруға ұқсайтын заттарды, тіпті ойыншық болса да, көрсетуге болмайды. Мұндай әрекеттер азаматтар арасында дүрбелең тудыруы мүмкін және полицияның дереу әрекет етуін талап етеді», – деп атап өтті ДП-да.