Алматылық екі қыз серуендеп жүргенде тоқтатқан патрульдік полицейлердің тексеруі туралы айтып берді, ал полиция мұндай қажеттіліктің неден туындағанын түсіндірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Хабарланғандай, екі қыз киноға барған соң полиция қызметкерлерінің әрекетіне шағымданды. Олардың бірі Threads әлеуметтік желісінде құрбысымен бірге үйге тыныш қайтып келе жатқанда патрульдіктердің жақындағанын жазды.

@blll_001 пайдаланушысының айтуынша, қызметкерлер қыздарды осы көшеде бірнеше рет көргенін айтқан. Содан кейін полицейлер оларды суретке түсіріп, тексергісі келетінін мәлімдеген.

«Біз өз шаруамызбен жүрсек, қандай құқықбұзушылық жасадық?» — деп жазды жазба авторы.

Ол сондай-ақ қызметкерлердің алдымен тексеру себебін түсіндірмей, тиісті түрде таныстырмағанына наразылық білдірді.

«Олар ең алдымен тексеру себебін түсіндіріп, дұрыс таныстырмады, керісінше бірден бізді суретке түсіруге бола ма деп сұрады. Заңды сұрақ туындайды: қызметкерлер азаматтарды өз жеке ұялы телефондарына қандай негізде түсірмек? Көшеде қарапайым серуендеу неге осындай тексеру мен кінәлауға себеп болады?» — деп наразы болды қыз.

Алматы полиция департаментінде жағдайға түсініктеме берді. Ведомство дерегінше, оқиға 17 қарашада сағат 00:40 шамасында Бостандық ауданында болған.

«Негіз ретінде олардың кәмелетке толмағандығын болжауға мүмкіндік беретін сыртқы белгілері, сондай-ақ түнгі уақытта қоғамдық орында болуы алынды. Тексеру олардың жасын анықтау және түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде болу мән-жайларын анықтау мақсатында жүргізілді», — деп хабарлады полицияда.

Ведомство тексеру қорытындысы бойынша әкімшілік ықпал ету шараларын қолдануға негіз табылмағанын қосты.