Алматыда А. Қастеев атындағы мұражайға қарсы Сатпаев көшесіндегі шыршалардың тағдырына қатысты тұрғындар алаңдаушылық танытты. Ағаштардың жанындағы жұмыстар бейнеленген видео тараған соң осындай жағдай туындады. Қаланың экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасы учаскеде ағаштарды кесу емес, жасыл желектерді көшіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Threads әлеуметтік желісінде ағаштардың жанындағы жұмыстар түсірілген ролик тарап, алматылықтардың наразылығы мен сұрақтарын тудырды. «Сатпаевта шыршаларды кесіп жатыр дейді. Бұл өтірік болса екен», — деп жазды saida.paltuyeva атты қолданушы.

Пікірлерде қала тұрғындары ағаштарға қатысты жағдайға алаңдаушылық білдірді. Кейбіреулер шыршалардың артындағы учаскенің болашақ құрылыспен байланысты болуы мүмкін деп болжаса, басқалары жасыл желектердің жаппай кесілуіне шағымданды. «Биыл қалада не болып жатыр? Аулаларда да, қаланың өзінде де ағаштарды жаппай кесіп жатыр! Енді мына әдемі шыршаларға да кезек келді», — деп жазды бір қолданушы. «Мұның не қажеті бар, шыршалардың кінәсі не?» — деп наразы болды тағы бірі.

Пікір қалдырушылардың бір бөлігі болып жатқан жағдайға назар аударуға шақырып, Алматыда ағаштармен жұмыстардың алғаш рет байқалмайтынын атап өтті. Талқылау барысында оқиға орнына экологтар барғаны және шыршаларды көшіру туралы айтылып жатқаны туралы ақпарат та пайда болды.

Алматының экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасы жағдайға ресми түсініктеме берді. «Көрсетілген учаскеде шырша тұқымдас жасыл желектерді кесу емес, көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстарды жүргізу қажеттілігі ағаштардың тым тығыз орналасуына байланысты туындап отыр, бұл олардың толыққанды өсуіне және одан әрі дамуына кедергі келтіреді», — делінген хабарламада.

Ведомство ағаштардың жалпы пайдаланымдағы жерлерге жатпайтын заңды тұлғаның аумағында орналасқанын нақтылады. Көшіру жасыл желектерді сақтау, ағаштар арасындағы бәсекелестікті азайту және олардың одан әрі өсуіне қолайлы жағдай жасау мақсатында ұйымдастырылған.

Жұмыстар Алматының жасыл желектерді күтіп ұстау және қорғау ережелеріне сәйкес белгіленген тәртіппен келісілген. Басқарма көшіру кезінде қылқан жапырақты тұқымдарды тасымалдаудың қажетті агротехникалық талаптары мен технологиялары сақталатынын да мәлімдеді. «Осылайша, көрсетілген учаскеде шыршаларды кесу туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», — деп атап өтті ведомствода.