Қостанайда техника қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін бұзу салдарынан адамның абайсызда қаза табуына әкеп соққан іс бойынша үкім шығарылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қостанай облысы соттарының ресми Telegram-арнасында мәлім болғандай, Қостанай қаласының №2 соты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 156-бабының 3-бөлігімен айыпталған адамға қатысты қылмыстық істі қарады. Аталған бап — осы ережелерді ұйымдастыру немесе сақталуын қамтамасыз ету міндеті жүктелген адамның техника қауіпсіздігі және еңбекті қорғаудың өзге де ережелерін бұзып, адамның абайсызда қаза табуына әкеп соғуы.
Сот анықтағандай, 2026 жылдың тамызында сотталушы ер адамды тікелей қауіпті аймаққа — тереңдігі шамамен 3 метр қазаншұңқырдың ішіне — тиісті еңбек шартын жасамай, қазаншұңқыр қабырғалары мен топырақтың опырылу қаупі айқын болған жағдайда жұмысқа жіберді. Ол қажетті ұйымдастырушылық және техникалық қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етпеген.
Қазаншұңқыр қабырғалары тиісті бекітілмегендіктен, қауіпсіз қиябеттер мен өзге де қорғаныс шаралары қарастырылмағандықтан, қабырғадан топырақ опырылып, ішінде тұрған жәбірленушінің үстіне құлады. Салдарынан ер адам өмірмен үйлеспейтін дене жарақатын алып, оқиға орнында көз жұмды.
Жаза тағайындау кезінде сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәні толық мойындауын, жасаған әрекетіне өкінуін, келтірілген зиянды өтеуін және сотталушыны қатаң жазаламауды сұраған жәбірленуші тарапының ұстанымын ескерді.
Сот ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқ.
Сотталушының жеке басын және іс бойынша барлық мән-жайды ескере отырып, сот оған өндірістік жұмыстарды ұйымдастыруға, бақылауға және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, еңбекті қорғауға және техника қауіпсіздігіне байланысты басшылық лауазымдарды атқару құқығынан 1 жыл 6 айға айыра отырып, 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.


