Алматыда Қайрат Сатыбалдыұлына тиесілі болып, кейін қалаға сыйға тартылған бұрынғы қонақ үй ғимараты саудаға қойылды, деп хабарлайды infohub.kz.
Алматы қаласының Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті электронды сауда порталында Алмалы ауданындағы Досмұхамедов көшесі, 115 мекенжайында орналасқан бұрынғы қонақ үй кешенінің ғимаратын сату туралы хабарландыру жариялады. Лоттың бастапқы бағасы — 12 759 410 000 теңге. Сауда-саттық 25 қыркүйек сағат 10:00-ге белгіленген. Бұл ретте нысанды саудаға жалғыз қатысушыға сатуға жол беріледі.
Бұған дейін Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті 2023 жылғы тамызда сыйға тарту шарты негізінде қонақ үйдің мемлекет кірісіне өткенін хабарлаған болатын. Сол жылдың қыркүйегінде ол Сот әкімшілігі департаментінің балансына берілді.
Желіде ғимаратты бұзуы мүмкін деген ақпарат тараған еді, алайда қала әкімдігі NUR.KZ тілшісінің сауалына бұрынғы қонақ үйдің бұзылмайтынын жеткізді. Сонымен қатар, жоба аяқталғаннан кейін ғимарат жер телімімен бірге «Алматы қаласының цифрландыру басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне берілетіні айтылды. Әкімдік жауабында: «Бұдан әрі нысан цифрландыру және жасанды интеллектті дамыту саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, сондай-ақ IT, AI, креативті индустрия және басқа да сабақтас бағыттарда жұмыс істейтін резиденттерді орналастыру үшін пайдаланылатын болады», — делінген.
Еске салайық, 2022 жылғы қыркүйекте сот Сатыбалдыұлын ұрлық ісі бойынша кінәлі деп танып, оны орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеумен алты жылға бас бостандығынан айыруға соттаған еді. Кейін оған мерзімінен бұрын шартты түрде босатудан бас тартылды.
Сатыбалдыұлының ісі бойынша жаңа сот процесі 2024 жылғы 1 сәуірде Астанада басталды. Тыңдауда айыпталушының Ресейдегі, БАӘ-дегі, Франциядағы және Қазақстандағы мүлкі туралы айтылды. Кейін Сатыбалдыұлына мемлекетке жылжымайтын мүлік пен люкс автокөліктерді қайтаруға уақыт берілгені белгілі болды. Прокурор Нұрмаханов Сатыбалдыұлы тарапының мемлекетке қылмыстық активтерді қайтаруға келіскенін хабарлады.
Антикорда Қайрат Сатыбалдыұлының ісі бойынша тағы 50 млрд теңге қайтарылатыны айтылған еді. 2024 жылғы тамызда Антикорда Сатыбалдыұлының мемлекетке нақты не қайтарғаны туралы айтылды. Кейін Бас прокуратурада тағы 50 млрд теңгеге мүлік мемлекетке қайтарылатыны хабарланды.


