Алматы тұрғыны Санжар Нарубаев «Сергек» фотофиксация жүйесінің қателігіне тап болды: камералар оның BMW көлігін автобус деп қабылдап, автобус жолағымен жүргені үшін төрт айыппұл жазған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ол бұл жағдайды Instagram желісінде айтты. Оның сөзінше, соңғы уақытта оған қоғамдық көлік жолағына шыққаны үшін төрт хабарлама келген, алайда суреттерде тіркелген бұзушылықтарды ол жасамаған. «Сергек» камераларының фотосы мен видеосында автобус бейнеленген, ал айыппұлдар BMW-ге келіп тұрған.

Алматылық жүйе мемлекеттік нөмірлерді тану кезінде оның көлігі мен автобустың таңбаларын ұқсастығына байланысты шатастырған болуы мүмкін деп болжады.

«Соңғы уақытта 4 айыппұл алдым — автобус жолағымен жүргенім үшін (бүгін 09:14-те соңғысы келді). Бейне мен фотофиксацияда — автобус. Бірақ менің көлігім BMW. Өкінішке қарай, біздің нөмірлер өте ұқсас, сондықтан Сергектің жасанды интеллекті әрдайым нөмірді ажырата алмай, айыппұл маған келеді», — деп жазды Нарубаев.

Оның айтуынша, қате хабарламаларға байланысты ол полицияға жүгінуге және айыппұлдарға шағымдануға уақыт жұмсауға мәжбүр. Ол сондай-ақ жүйенің неліктен мұндай қателіктерге жол беретінін анықтау үшін ресми сұрау жіберуге ниетті екенін мәлімдеді.

Алматы полиция департаменті жағдайға түсініктеме берді. «Алматы қаласының полиция департаменті BMW маркалы көлікке қатысты хабарламаның мемлекеттік тіркеу нөмірінің дұрыс танылмауы салдарынан қате тіркелгенін хабарлайды. Әкімшілік құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан, хабарлама ҚР ӘҚБтК-нің 741-бабының негізінде тоқтатылды», — делінген хабарламада.