Алматы тауларында маршруттан адасқан туристерге қатысты екі оқиға тіркелді. Құтқарушылар алдымен үш қызға, содан кейін бір жұпқа көмек көрсетті, деп хабарлайды infohub.kz.
Бірінші оқиға Бостандық ауданында, Жапон жолы маңында, теңіз деңгейінен 1900 метр биіктікте болды. Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының қызметкерлері туристік жолдан адасып, таудан өздігінен түсе алмаған үш қызға көмекке келді. Күрделі жер бедеріне байланысты құтқарушылар қауіпсіз түсу үшін альпинистік жабдықтарды қолданды.
«Қыздарға медициналық көмек қажет болмады. Түскеннен кейін олар үйлеріне өздігінен жетті», — деп хабарлады құтқарушылар.
Кейінірек сол ауданда, Алмарасан шатқалында, Экопарктен жоғары, 1998 жылы туған жігіт пен 2007 жылы туған қыз адасып қалды. Олар кері жолды таба алмады. Іздеуге ТЖМ «Барыс» республикалық құтқару жасағының құтқарушылары шықты. Туристер шамамен 2350 метр биіктіктегі бақылау алаңының маңынан табылды.
Құтқарушылар оларды Алмарасандағы аялдамаға дейін жеткізді. Оларға медициналық көмек қажет болмады.
Құтқарушылар еске салады: тауға шығар алдында маршрутты зерттеп, ауа райы жағдайын және өз физикалық мүмкіндіктеріңізді бағалап, белгіленген жолдардан таймау керек.


