Алматы әкімдігі мәслихаттың тұрғылықты жері бойынша тіркелудің жаңа нормативтерін белгілейтін шешім жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланған, деп хабарлайды infohub.kz.
«Алматы қаласы аумағында тұрғылықты жері және уақытша болатын (тұратын) жері бойынша тіркелу нормативін бекіту туралы» деп аталатын жобаны әкімдік әзірлеген. Қала тұрғындары талқылауға 26 тамызға дейін қатыса алады.
Әкімдікте бұл бастама халықты есепке алу жүйесін жетілдіруге, көші-қон процестерін бақылауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді жоспарлау мен көрсету тиімділігін арттыруға бағытталғанын түсіндірді. «Жобаның мақсаты — тіркелу процестерін ретке келтіру, инфрақұрылымдық және әлеуметтік жүктемені жоспарлауды жақсарту, сондай-ақ тұрақты тұратын және уақытша келетін азаматтарға мемлекеттік қызметтерді көрсету тиімділігін арттыру», — деп атап өтті ведомствода.
Krisha.kz-тің хабарлауынша, құжат пәтерде немесе үйде тіркелуге болатын азаматтар санын шектеуді көздейді. Норматив тұрақты және уақытша тіркелу үшін белгіленбек: бір тіркелген адамға кемінде 15 шаршы метр аудан тиесілі болуы керек. Мысалы, ауданы 60 шаршы метр пәтерге меншік иесінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарынан басқа тек төрт адамды тіркеуге болады — оларға шектеу қолданылмайды. Мұндай қағидат Астанада қолданылып келеді.


