Алматыда куәгерлер жаппай төбелесті бейнеге түсіріп, жазбаны әлеуметтік желілерде жариялады. Полиция оқиғаның барлық қатысушыларын жедел анықтап, жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Кеше Instagram-дағы almatinec_live аккаунтында «Теремки» тұрғын үй кешенінің маңында болған төбелес туралы ақпарат пайда болды. Куәгерлер оқиғаның бейнежазбасын да жариялады. Хабарламада төрт жас жігіт екі адамға шабуыл жасап, зардап шеккендердің бірі есін жоғалтқаны айтылған.

Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі 4 тамызда сағат 03:50 шамасында болған түнгі жанжалға бес ер адам қатысқанын нақтылады. «Бір-бірін танитын бес ер адам қоғамдық орында сөзге келіп, тұрғындардың тыныштығын бұзып, дауыстап балағат сөздер айтқан. Оқиғаның барлық қатысушылары анықталып, жауапкершілікке тартылды. Олардың екеуі қоғамдық орында мас күйінде жүргені үшін айыппұл төледі. Бесеуіне қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік материалдар жиналып, процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді», — деп атап өтті Алматы қалалық полиция департаментінде.

Полиция қоғамдық тәртіптің кез келген бұзылуы, әсіресе тұрғын алаптарда және түнгі уақытта, міндетті түрде құқықтық баға алатынын ескертеді.