Алматы тұрғындары қала көшелерінің қайтадан қазылғанына наразылық білдірді. Қала тұрғындарының айтуынша, жаңа тротуар құбыр тарту үшін бұзылған. Әкімдік шағымға жауап берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

madinadinmukhammed деген лақап атпен танымал алматылық әйел Threads желісінде қалада тротуардың қайтадан қазылғанына шағымданды. «Алматы әкімдігі бір ай да толмаған жаңа тротуардың құбыр тарту үшін қайтадан бұзылғанын қалай түсіндіреді? Неліктен жаңа тротуар құбыр тарту үшін бұзылып жатыр, неге бұл жұмыстар алдын ала орындалмады?» — деп жазды ол.

Жазбаға Алматы әкімдігінің қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы жауап берді. «Қазіргі таңда ТҚ-ға (трансформаторлық қосалқы станцияға) қосылу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аумақты абаттандыру бойынша қалпына келтіру жұмыстары, оның ішінде асфальтбетон жабынын қалпына келтіру, мердігер ұйым тарапынан кепілдік міндеттемелер аясында орындалады. Қалпына келтіруді қоса алғанда, барлық жұмыстың аяқталу мерзімі — 2026 жылғы 10 қараша», — деп мәлімдеді ведомство.