Алматының Алмалы ауданында қала нысандарына бояумен жазу жазған екі ер адам ұсталып, сот олардың әрқайсысына бес тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

NUR.KZ-тің мегаполис полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлауынша, Алмалы ауданында полиция қала мүлкін бүлдірудің екі дерегін тоқтатты. Екі оқиға да бір мезгілде дерлік болған.

Бірінші бұзушыны учаскелік инспектор Жібек жолы көшесінде ұстады. «Алматылық Мальцев Дмитрий Владимирович патрульдеу кезінде дуалға бояумен жазу жазып жатқан жерінде ұсталды. Дәл сол уақытта Брусиловский көшесінде тағы бір дерек тіркелді. 39 жастағы Әбдіраманов Жаппар Ғайбуллаевич дүкен қабырғасына бояумен жазу жазып жатқан. Оның әрекетін де полиция қызметкерлері тоқтатты. Екі ер адамға қатысты қоғамдық орындардағы ғимараттарды, құрылыстарды және өзге де нысандарды ластау фактісі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды», — делінген хабарламада.

Полицияның мәліметінше, материалдар сотқа жіберілді. Екі бұзушы да кінәлі деп танылды. Әрқайсысына бес тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.

«Полиция вандализм деректерін анықтау және тоқтату жұмысын жалғастыруда. Бөтеннің мүлкіне жазу жазу — бейкүнә қыңырлық емес, жауапкершілік көзделген әкімшілік құқықбұзушылық», — деп қосты полиция департаменті.