Жетісу облысының Текелі қаласында «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында жалпы білім беретін мектептердің оқушыларын біріктірген «MI BATTLE» зияткерлік командалық ойыны өтті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Іс-шараны Текелі қаласының прокуратурасы үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп ұйымдастырды. Оған Жетісу облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері қатысты.
Зияткерлік ойын білім мен командалық өзара іс-қимылды көрсету алаңы ғана емес, сонымен қатар өскелең ұрпақтың назарын құқықтық мәдениет, жеке жауапкершілік және салауатты өмір салты мәселелеріне аудару мүмкіндігіне айналды.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері оқушылармен профилактикалық әңгіме жүргізіп, есірткінің қауіптілігі, оны қолдану мен таратудың салдары, сондай-ақ есірткі құқықбұзушылықтарын жасағаны үшін жауапкершілік туралы айтты. Кәмелетке толмағандарды есірткінің заңсыз айналымына тартудың алдын алуға ерекше көңіл бөлінді.
Іс-шараға 200-ге жуық адам қатысты. Олар үшін кездесу құқықтық қауіпсіздік және есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу саласындағы білімдерін кеңейту мүмкіндігі болды.
Мұндай кездесулер жастардың бойында есірткіге қарсы тұрақты ұстанымды түсінікті әрі интерактивті форматта қалыптастыруға, құқықтық сауаттылықты арттыруға және заңға құрметті тәрбиелеуге мүмкіндік береді.
Заңға бағынатын және жауапты ұрпақты қалыптастыру — «Заң және тәртіп» қағидаты аясындағы полицияның профилактикалық жұмысының басты міндеттерінің бірі.


