Алматыда Үлкен Алматы өзенінің жағалауындағы реконструкция жалғасуда, енді оның бір бөлігі жаяу жүргіншілерге уақытша жабылады. Жұмыс барысына қарай шектеулер кезең-кезеңімен енгізіледі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Almaty Joly мәліметінше, алдымен №1 тұндырғыштан (дамбадан) Әл-Фараби даңғылына дейінгі шығыс жағы жабылады. Дәл осы жерде шағын жүзу алабы және спорт алаңдарының көпшілігі орналасқан. Кейін шектеулер жағалаудың қалған бөліктеріне, Абай даңғылына дейін біртіндеп таралады.

Жөндеу барысында суару жүйесін қалпына келтіру, тротуарларды жаңарту, бордюрлерді ішінара ауыстыру, бұталар мен көгалдарды көшіру, сондай-ақ ағаштарды санитарлық кесу жоспарлануда.

«Қала тұрғындары мен қонақтарын уақытша шектеулерді ескеруге, уақытша жол белгілерінің талаптарын сақтауға және бағытты алдын ала жоспарлауды сұраймыз», — делінген Almaty Joly хабарламасында.

№1 тұндырғыштан (дамбадан) Әл-Фараби даңғылына дейінгі шығыс жағымен өту 20 күнге шектеледі.

Еске салайық, Үлкен Алматы жағалауындағы реконструкцияны 2024 жылдың қазан айынан бастап «Павлодар өзен порты» АҚ жүргізіп жатыр. Осы уақыт ішінде жоба қала тұрғындары тарапынан да, қала әкімдігі тарапынан да бірнеше рет сынға ұшырады. Бастапқыда нысанның паспортына сәйкес реконструкцияны 2025 жылдың желтоқсанында аяқтау жоспарланған болатын, алайда кейін мерзім 2026 жылдың мамыр айының соңына ауыстырылды. Жаңа шектеулер жұмыстардың әлі аяқталмағанын көрсетеді.

Бұған дейін Kursiv LifeStyle жағалаудағы реконструкцияның алматылық жаңбырға төтеп бере алмағанын жазған еді.