20 тамызда Алматы тұрғындарының бір бөлігі электр қуатынсыз қалды. «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ авариялық өшірудің себебін түсіндіріп, қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы хабарлады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Компанияның ресми сайтындағы интерактивті картаға сәйкес, қазіргі уақытта қаланың бірнеше ауданында тұрғындар жарықсыз қалған. Көк түспен белгіленген жоспарлы өшірулерден бөлек, кейбір аудандарда авариялық өшіру болған. Мәселен, Алмалы ауданында Түркебаев, Райымбек, Розыбакиев, Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысындағы үйлер, сондай-ақ Жетісу ауданындағы Сериков, Омаров көшелері, шағын аудан және Сельская, Жұмабаев, Сейфуллин, Беспаков көшелерінің тұрғындары жарықсыз қалды.
«Алатау Жарық Компаниясы» NUR.KZ тілшісіне хабарлағандай, 20 тамызда Алматының бірқатар ауданында электр қуатының уақытша өшірілуі тіркелді. Алмалы ауданында сағат 16:20-да Түркебаев, Розыбакиев, Бөгенбай батыр көшелері мен Райымбек даңғылы маңында электр қуаты уақытша өшірілді. Себеп — тарату пунктінің екі ячейкасының зақымдануы.
Компания мамандары дереу жұмысқа кірісті. Қазіргі уақытта электр қуатын толық қалпына келтіру үшін қажетті техникалық шаралар жүргізілуде.


