Алматы қаласы әкімдігінің бір басқармасының бұрынғы басшысының орынбасарына жаза жеңілдетілді: сотталған мерзімнің өтелмеген бөлігі бас бостандығын шектеумен ауыстырылды, деп хабарлайды infohub.kz.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, сотталған әйел сот үкімімен жазасын өтеп жүрген. Кейін сот шешімімен жазаның өтелмеген бөлігі бас бостандығын шектеумен ауыстырылған. Босатылғаннан кейін әйел пробация қызметінің есебіне алынған. Ол сот шешімінен туындайтын барлық шектеулерді, міндеттерді және талаптарды, оның ішінде Қазақстан аумағынан тыс жерлерге шығуға тыйым салуды сақтауға міндетті.

Ведомство пробация қызметінің қызметкерлері оған жүктелген міндеттер мен шектеулердің сақталуын үздіксіз бақылап, тұрақты тексерулер мен өзге де бақылау іс-шараларын жүргізетінін атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін лауазымды тұлға 12 млн теңге сомасындағы мүлікті жымқырғаны үшін сотталғаны хабарланған болатын. Өткен жылдың маусым айында сот оны кінәлі деп танып, 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған еді.