Nazarbayev University ғалымдары Ионосфера институтының зерттеушілерімен бірлесіп, Алматыдағы жер бедерінің қалай өзгеретінін анықтады. Қаланың кейбір аудандарында жер жылына бірнеше сантиметрге көтеріліп немесе төмендеп отырады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жоба жетекшісі, Nazarbayev University оқытушысы Эмиль Байрамовтың айтуынша, аймаққа тектоникалық плиталардың үздіксіз соқтығысуына байланысты күрделі процестер әсер етеді. Жердің тік және көлденең ығысуы байқалады: кейбір аудандар көтеріліп немесе төмендесе, басқалары батысқа немесе шығысқа жылжиды.
Жер бедерінің ең айқын өзгерістері Алматының орталық бөлігінде, орталық Алматы жарылымының бойында байқалады. Зерттеушілер бұл қорытындыны 2017-2023 жылдар аралығындағы бақылаулар негізінде жасады.
Бір жыл ішінде жер бедерінің жекелеген учаскелері 9 сантиметрге төмендеп немесе 5 сантиметрге көтеріледі. Сонымен қатар, жер қабаттары көлденең бағытта, батыстан шығысқа және солтүстіктен оңтүстікке қарай жылына 21 сантиметрге дейін ығысады.
Ғалымдар ығысу орындары бойынша жер сілкінісін болжау мүмкін емес екенін атап өтеді. Алайда бұл аймақтарда адамның іс-әрекеті, мысалы құрылыс немесе жер асты суларын сору, жер бедерінің ығысуын жылдамдатуы мүмкін.


