Алматыда Howo маркалы жүк көлігі бірнеше рет соқтығысып, тұрған көлікке, ағашқа және аялдама павильонына соғылды. Оқиға 20 тамыз таңертең болған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Оқиға орнынан түсірілген видео kris_p_almaty Telegram-арнасында пайда болды. Куәгерлердің айтуынша, жүк көлігі Шаляпин көшесімен келе жатып, аялдама кешеніне соғылған.

NUR.KZ тілшісі Алматы полиция департаментіне сұрау жолдады. Онда жол-көлік оқиғасы Әуезов ауданында шамамен 09:20-да болғанын растады.

Полиция мәліметінше, жүк көлігінің жүргізушісі көліктің өздігінен жүріп кетуін болдырмайтын шараларды қабылдамаған. Салдарынан жүк көлігі оңтүстік жиекте тұрған BYD көлігіне соғылып, артынша солтүстік жиекке шығып, тас бордюрге, ағашқа және аялдама дүңгіршегіне соғылған.

Бақытымызға орай, апаттан ешкім зардап шеккен жоқ. Қазіргі уақытта Әуезов ауданы полиция басқармасының қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.