Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Қазақстанның өңірлерінде балаларға стоматологиялық көмектің нақты қолжетімділігін күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды infohub.kz.
Денсаулық сақтау министрлігінің Telegram-арнасында Ақмарал Альназарова өңір басшыларына стоматологиялық көмек көрсетуде мектеп жасына дейінгі балаларға ерекше назар аударуды және емдеуге талон алудағы кезектерді жоюды тапсырғаны айтылды.
«Біз үшін ең бастысы – есептілік емес, қағаздағы сандар емес. Әр көрсеткіштің артында нақты бала мен нақты отбасы тұр. Егер ата-аналар баласына стоматологиялық көмек алу үшін таңғы сағат бесте келіп, кезекте тұруға мәжбүр болса, бұл жүйенің жеткілікті жақсы жұмыс істемейтінін білдіреді. Біз мұны түзетуіміз керек», – деді ведомство басшысы.
Министр мемлекеттік бағдарламалар аясында балаларға стоматологиялық көмек мемлекет тарапынан қаржыландырылатынын атап өтті. Осыған байланысты, оның айтуынша, негізгі назар бар ресурстарды тиімді ұйымдастыру мен үйлестіруге аударылуы керек.
«Біз бұл мәселені ата-аналардың мойнына жүктемеуіміз керек немесе әр жолы қосымша бюджет қаражатын іздемеуіміз керек. Ең алдымен, бар ресурстардың жұмысын дұрыс ұйымдастыру қажет. Бала ата-анасы талон ала алмағаны немесе бірнеше сағат кезекте тұрғаны үшін көмексіз қалмауы керек. Біздің міндетіміз – қажетті көмектің уақтылы және отбасының тұрғылықты жеріне жақын жерде қолжетімді болуын қамтамасыз ету», – деді Ақмарал Альназарова.
Министр облыс әкімдерінің орынбасарлары мен тиісті басқармаларға денсаулық сақтау, білім беру басқармалары, медициналық ұйымдар және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арасындағы үйлестіруді күшейтуді тапсырды.
«Біз ата-аналардың әлеуметтік желілерге жүгінуін немесе шағым жазуын күтпеуіміз керек. Жергілікті басшылар мұндай мәселелерді ертерек көріп, адам медициналық көмек алуда кедергіге тап болғанға дейін шешуі тиіс», – деп қосты министр.
Денсаулық сақтау министрлігі елдің барлық өңірлерінде балаларға медициналық қызметтердің нақты қолжетімділігін бағалай отырып, жағдайды бақылауды жалғастыратынын жеткізді.


