Көкшетауда полиция шетелге жұмысқа орналастыруға байланысты алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Осы іс бойынша 93 адам шамамен 60 миллион теңге шығынға ұшыраған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Көкшетау қалалық полиция басқармасының қызметкерлері шетелде жұмысқа орналастыру қызметін көрсетуге байланысты алаяқтық фактісі (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігі) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.
Тергеу деректері бойынша, күдікті 2023 жылдан 2026 жылдың қаңтарына дейінгі кезеңде әлеуметтік желілер арқылы азаматтарға Ұлыбританияға жұмысқа орналасу қызметін ұсынған. Ол виза рәсімдеу, медициналық сақтандыру, биометриялық деректерді тапсыру және басқа да қажетті құжаттарды дайындау сылтауымен азаматтардан ақша қаражатын алған, алайда уәде еткен міндеттемелерін орындамаған.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша 93 адам зардап шеккен деп танылған. Алдын ала деректер бойынша, келтірілген залалдың жалпы сомасы шамамен 60 миллион теңгені құрайды. Ақша қаражаты қолма-қол да, банктік аударымдар арқылы да берілген, деп түсіндірді полиция департаментінде.
Тергеу барысында қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, күдікті жауапқа тартылды. Оған қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу жалғасуда, полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын және басқа да ықтимал зардап шеккендерді анықтауда.


