Зерттеушілер камераны Антарктиканың мұздай суының астына 535 метр тереңдікке түсіріп, мұзды балықтардың алып колониясына кездейсоқ тап болды. Кемінде 240 шаршы шақырым аумақта шамамен 60 миллион ұя орналасқан. Балықтар сол ұяларда ұрпақ өсіреді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ғалымдар Уэдделл теңізін неміс Polarstern мұзжарғыш кемесінен зерттеген. Олар басқа зерттеу жүргізіп, камерамен теңіз түбін қарап шықты. Бір сәтте жазбаларда мұзды балықтардың дөңгелек ұялары қайта-қайта көріне бастағанын байқады. Аумақты неғұрлым алыс зерттеген сайын, соншалықты көп ұя тапты.

Әр ұяның диаметрі шамамен 75 сантиметр: балықтар түбінде шағын шұңқыр қазып, оны ұсақ тастармен толтырып, сонда уылдырық салады. Орта есеппен бір ұяда 1 735 жұмыртқа болады, ал қасында әдетте ересек балық «күзетіп» тұрады.

Сөз Neopagetopsis ionah атты ерекше антарктикалық мұзды балықтар туралы болып отыр. Олардың қалыпты гемоглобині мен жетілген қызыл қан жасушалары жоқ. Олар оттегін тікелей суық судан алуға бейімделген, ал арнайы ақуыз қосылыстары олардың денесін қатып қалудан қорғайды.

Ғалымдар балықтар бұл жерді кездейсоқ таңдамаған деп есептейді. Мұнда терең су ағыны өтеді, ал түбіндегі су температурасы көршілес аудандарға қарағанда шамамен 2 °C жоғары. Бұл жағдайлар балықтардың көбеюіне көмектесуі мүмкін. Мұндай миллиондаған колониялар басқа жануарлар үшін де маңызды. Бұл тереңдікке Уэдделл итбалықтары жиі сүңгиді, сондықтан мұзды балықтар олардың қорегінің бір бөлігіне айналуы ықтимал.

Бұған дейін Kursiv LifeStyle американдық биологтар Алабама штатындағы үңгірден «шайтан балық» деген лақап атқа ие болған соқыр үңгір балығының жаңа түрін тапқанын жазған. Ғалымдардың айтуынша, бұл әлемдегі ең сирек кездесетін балықтардың бірі болуы мүмкін.