Мереке қарсаңында АҚШ тұрғындары себетке тек сыйлық емес, жеке гигиена құралдарын, қарапайым киім мен үй жануарларына арналған тауарларды да жиі сала бастады. Бұл туралы The Straits Times жазып, infohub.kz сайты хабарлады.
Сатып алушылар инфляция мен бағаның өсуі жағдайында күнделікті қорды толықтыру үшін маусымдық жеңілдіктерді пайдалануға тырысуда. Adobe компаниясының дерегінше, 1-22 қараша аралығында жеке гигиена құралдарының онлайн-сатылымы қазан айының орташа көрсеткішімен салыстырғанда 40%-ға өсті. Сол кезеңде тұрмыстық химияға сұраныс 33%-ға, ал қарапайым киімге 27%-ға артты.
Сарапшылар тұтынушылардың кәдімгі дүкендерге сирек баратынын, сатып алуға байыпты қарайтынын және импульсивті шығыннан бас тартатынын атап өтті. Сонымен қатар «Қара жұма» күні дәстүрлі сауда нүктелері әлі де көп адамды тартып отыр.
Сатып алушылардың мінез-құлқына жасанды интеллект те қосымша әсер етуде. Amazon дерегінше, жасанды интеллект функциялары бар Alexa дауыстық көмекшісін қолданатын клиенттер платформада қалғандарға қарағанда 50%-ға көп жұмсайды.


