Ақтауда Каспий теңізінің жағалауында орналасқан жалпы ауданы 5,9 гектар коммерциялық мақсаттағы жер учаскелері мемлекеттік меншікке қайтарылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап, infohub.kz сайты хабарлайды.
Ведомствоның ресми сайтында жазылғандай, тиісті шешімді Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің Маңғыстау облысы бойынша жер ресурстарын басқару департаментінің талап арызы бойынша сот қабылдады.
Министрлікте түсіндіргендей, департамент жоспардан тыс тексеру барысында аталған жер учаскелерін беру кезінде жер заңнамасының талаптары бұзылғанын анықтады. Олардың сауда-саттық өткізілмей берілгені белгілі болды.
«Анықталған бұзушылықтарды жою мақсатында ЖРБД жер учаскелерін мемлекеттік меншікке қайтаруды талап етіп, Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз берді», — деп хабарлады министрлікте.
Істі қарау қорытындысы бойынша сот департаменттің талаптарын қанағаттандырды. Нәтижесінде коммерциялық мақсаттағы жер учаскелері мемлекеттік меншікке қайтарылды.


