Ақтау тұрғындары шүмектен аққан ыстық судың лас болғанына шағымданды. Коммуналдық кәсіпорын жылу желілерін жөндеуден кейін су сапасына қатысты мәселе неліктен туындағанын түсіндірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Lada.kz жазуынша, Ақтау тұрғындары лас ыстық суға бірнеше рет шағымданған. «Каспий жылу, су арнасы» МКК мәселенің неден туындауы мүмкін екенін айтты.

КЖСА дерегінше, Ақтауда жылумен жабдықтаудың ашық жүйесі жұмыс істейді: тұрмыстық қажеттілікке арналған ыстық су тікелей жылу желілерінен келеді. Сондықтан жылу жүйесін толтыру мен іске қосу ыстық судың сапасына әсер етуі мүмкін.

«Жазда „МАЭК“ ЖШС мердігер ұйымы магистральдық жылу желілерін жөндеді. Жұмыс барысында құбырлардың жекелеген учаскелері жылу тасымалдағыштан босатылды. Жөндеу аяқталған соң желілерді кезең-кезеңімен толтырып, қосуды бастады. Жүйені іске қосқанда жылу тасымалдағыш ағындары құбырлардың ішкі қабырғаларында жиналған шөгінділерді, коррозия өнімдерін және механикалық қоспаларды көтеріп кетуі мүмкін еді. Бұл ыстық судың түсін уақытша өзгертуі ықтимал», — деп хабарлады КЖСА.

КЖСА тағы бір ықтимал себеп ретінде кейбір көпқабатты үйлерде үйішілік жылу тораптарын жуудың жүргізілмеуін атады. Кәсіпорын мәліметінше, бұл қызмет көрсететін ұйымдары — ПКСК, ОСИ және басқалары жоқ үйлерге қатысты.

«Коррозия өнімдері мен ферромагниттік қоспаларды ұстап қалу үшін „МАЭК“ ЖШС ЖЭО-1-де магниттік шлам шығарғыштар орнатты», — деп атап өтті коммуналдық қызметте.

КЖСА әлеуметтік желілерде тараған лас су бейнежазбалары шамамен бір ай бұрын түсірілгенін және қазіргі жағдайды көрсетпейтінін де түсіндірді.

«Қазір ыстық судың сапасы қалыпқа келді және санитарлық нормаларға сай», — деп сендірді КЖСА.

Бұған дейін Ақтаудағы бір үйдің тұрғындары бір аптадан бері жылу мен ыстық сусыз отырғаны хабарланған. Әкімдік мердігерден ақауларды жоюды талап ететінін айтты.