Ақтауда заңсыз құмар ойын орнының қызметі тоқтатылып, оның ұйымдастырушысы болжамды адам ұсталды. Бұл туралы infohub.kz сайты Маңғыстау облысы прокуратурасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қадағалау органының ресми сайтында жазылғандай, Маңғыстау облысы прокуратурасының үйлестіруімен экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері Ақтау аумағындағы заңсыз құмар ойын орнының жұмысын анықтап, тоқтатты.

«2026 жылдың сәуірінен қазанына дейінгі аралықта бір топ адам арнайы жабдықталған үй-жайда ойын терминалдарын пайдаланып, ақшалай ставкаларды қабылдап, құмар ойындар өткізу арқылы заңсыз құмар ойын қызметін ұйымдастырғаны анықталды», — деп мәлімдеді қадағалау органында.

Облыс прокуратурасының дерегінше, жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде заңсыз құмар ойын қызметінің фактілері анықталды. Тергеу әрекеттері барысында ойын жабдықтары тәркіленді.

Мамандардың қорытындысына сәйкес, ақшалай ставкалардың жалпы сомасы 63 млн теңгеден асқан.

Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 307-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Заңсыз құмар ойын бизнесінің болжамды ұйымдастырушысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеудің өзге мәліметтері жария етуге жатпайды.