Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері полицейлер мас күйінде көлік басқарған 1 125 жүргізушіні анықтады. Облыстық әкімдіктің нақтылауынша, олардың 1 035-і мас күйінде көлік жүргізгені үшін жауапкершілікке тартылған, тағы 90 адам бұған дейін көлік басқаруға тыйым салынғанына қарамастан қайтадан рөлге отырған. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған рейдтер тұрақты түрде жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Мұндай құқықбұзушылықтарды уақтылы жолын кесу апаттық жағдайлардың алдын алуға және адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді, деп атап өтті облыстық әкімдікте.
Орал қаласында айқын мысал тіркелді: бір жүргізуші бір тәулік ішінде 6 құқықбұзушылық жасаған. 2 қазаннан 3 қазанға қараған түні Төле би көшесінде патрульдік қызметкерлер Hyundai Tucson көлігін тоқтатпақ болған, алайда жүргізуші полицияның заңды талабын елемей, қашып кетуге тырысқан. Көлік тоқтатылған соң ер адамның бағдаршамның тыйым салатын белгісімен екі рет өткені, жол белгілерінің талаптарын бұзғаны және қарсы жолаққа шыққаны анықталды. Медициналық куәландыру алкогольдік масаюды растады. Сот шешімімен жүргізуші 18 тәулікке қамауға алынып, 7 жыл 6 айға көлік басқару құқығынан айырылды.
Мұндай құқықбұзушылықтар халықаралық тасжолдарда да анықталып отыр. «Орал – Ресей Федерациясының шекарасы» автожолында рөлінде мас шетелдік азамат отырған Lada көлігі тоқтатылды. 29 қазаннан 30 қазанға қараған түні «Орал – Озинки» тасжолында патрульдік қызметкерлер тіркемесі бар жүк Mercedes-Benz көлігін тоқтатты. 46 жастағы шетелдік жүргізушінің де алкогольдік масаюы расталды. Сот шешімімен ол 15 тәулікке қамауға алынып, жүк көлігі арнайы тұраққа қойылды.
Тағы бір жағдай жақында анықталды: 1996 жылы туған Lada Largus жүргізушісі есірткілік масаю күйінде көлік басқарған. Бұған дейін ол 7 жылға жүргізушілік құқығынан айырылған болатын. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«1 125 мас жүргізушіні рөлден шеттету — жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысының маңызды нәтижесі. Бұл санның артында қауіпті әрекеттердің уақтылы жолын кесу және ықтимал жол-көлік оқиғаларының алдын алу тұр», — деді БҚО полиция департаменті ақпараттық саясат бөлімінің бастығы, полиция майоры Жазира Кенже.


