Қазақстандықтарға Арал теңізіндегі су деңгейі туралы үміт күттірер жаңалық айтылды. Солтүстік Арал теңізіндегі су көлемі 23,4 млрд текше метрге дейін артты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, өткен жылдың қазан айынан бастап Солтүстік Арал теңізіне 1,2 млрд текше метр су жіберілген. Соңғы жылдары қабылданған шаралар теңізге судың тұрақты ағынын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

2025 жылдың 1 қазанынан бүгінге дейін Сырдария өзені арқылы Солтүстік Аралға шамамен 1,2 млрд текше метр су бағытталды. Ағымдағы вегетациялық кезеңде теңізге секундына 14 текше метр су түсуде. Вегетациялық кезеңнің соңына дейін су беруді біртіндеп секундына 100-150 текше метрге дейін арттыру жоспарлануда.

Қазіргі уақытта Солтүстік Аралдағы су көлемі 23,4 млрд текше метрді құрайды.

«Солтүстік Аралды сақтау мақсатында бірқатар жоба жүзеге асырылуда, оның ішінде Сырдария өзені алабында су есебін автоматтандыру және гидротехникалық құрылыстарды қайта жаңарту бар. Сондай-ақ көршілес мемлекеттермен өзара іс-қимыл нығайтылуда. Мысалы, Өзбекстан Республикасымен трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімге қол қойылды, бұл он жылдық келіссөздердің нәтижесі болып табылады», — деді су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.

Еске сала кетейік, бірнеше жыл бұрын Қазақстан көршілес елдермен Арал теңізін толықтыру туралы келіскен болатын. Кейін Экология министрлігі Арал теңізінің түбінде сексеуіл орманы пайда болатынын хабарлаған еді.

2026 жылдың сәуірінде Қасым-Жомарт Тоқаев Өңірлік экологиялық саммитте сөйлеген сөзінде Арал теңізінің жай-күйі туралы мәлімдеме жасады.