Отыз жылдан кейін Арқалықта тұрақты әуе қатынасы қайта іске қосылды. 22 тамыздан бастап қаладан Астана, Алматы және Қостанай бағыттарына рейстер орындалады, деп хабарлайды infohub.kz.
Алғашқы болып Астана – Арқалық – Астана бағыты ашылады. Ұшуларды SCAT әуекомпаниясы орындайды. Астана мен Арқалық арасындағы рейстер аптасына екі рет орындалады, билет құны бір бағытқа 10 мың теңгені құрайды.
Алматы – Арқалық – Алматы бағыты бойынша да аптасына екі рейс жоспарланған. Бір бағытқа билет 25 мың теңге тұрады.
Сонымен қатар, облысішілік Қостанай – Арқалық – Қостанай бағыты іске қосылады. Ол да аптасына екі рет орындалады, билет құны бір бағытқа 10 мың теңге болады.
Бұған дейін, 12 тамызда Арқалық әуежайының халықаралық IATA коды — AYK қалпына келтірілді. Бұл тұрақты әуе қатынасын қайта жандандыруға дайындық кезеңдерінің бірі болды.
Әуежай жұмысы 30 жылдық үзілістен кейін қайта басталады. Көлік министрлігінде рейстердің ашылуы Арқалықтың көліктік қолжетімділігін арттырып, тұрғындарға, бизнес пен инвесторларға мүмкіндіктерді кеңейтеді деп санайды.
Алғашқы рейстің ұшырылуына көлік вице-министрі Талғат Ластаев, Қостанай облысы әкімінің орынбасары Берік Танжариков, әкімдік, авиация саласы және қоғам өкілдері қатысты.
Бұған дейін «Курсив» Арқалық әуежайының реконструкцияны аяқтап, қажетті сертификаттау рәсімдерінен өткенін жазған болатын. 3 тамызда ол авиациялық қауіпсіздік қызметінің сертификатын, 18 тамызда «Қазаэронавигацияның» аэронавигациялық қызмет көрсетуші ретінде сертификатын, ал 21 тамызда аэродромға жарамдылық сертификаты берілді.


