Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік кеңесінде кадрлық өзгерістер болды: Арман Әбдірәсілов пен Азамат Дүйсембеков қызметке тағайындалды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Мемлекет басшысының өкіміне сәйкес, Арман Асқарұлы Әбдірәсілов Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі Аппаратының жағдайлық орталығының меңгерушісі болып қайта тағайындалды. Ол бұл қызметке 2025 жылдың тамызында тағайындалған болатын.

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің ресми сайтындағы деректерге сәйкес, Арман Әбдірәсілов 1980 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. 2001 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультетін бітірген. Еңбек жолын 2001 жылы ҚазҰУ-дың математика және механика ғылыми-зерттеу институтында инженер болып бастады. 2002 жылдың мамырынан 2012 жылдың маусымына дейін Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылыми-техникалық орталығында инженер болып жұмыс істеді.

2013–2020 жылдары «Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы» заңды тұлғалар бірлестігі компаниялар тобының директоры болды. 2020 жылдың тамызында «Зерде» ұлттық инфокоммуникациялық холдингі» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды. Айта кетейік, 2022 жылы Тоқаевтың сынынан кейін «Зерде» холдингі таратылған еді.

Сонымен қатар Азамат Нұрланұлы Дүйсембеков Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі Аппаратының құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі болды. Өмірбаянына сәйкес, ол 1980 жылы 17 наурызда Жезқазғанда дүниеге келген. 2002 жылы Новосибирск мемлекеттік университетін, 2016 жылы Ресей Федерациясы Бас прокуратурасының академиясын бітірген.

Мансабын прокуратура органдарында бастап, Қарағанды облысы прокуратурасының басқарма бастығы, бөлім және басқарма бастығы, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы қызметінің бастығы қызметтерін атқарды. 2018–2019 жылдары Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары болды. 2019–2022 жылдары Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің құқық қорғау жүйесі бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды. 2022–2023 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Қауіпсіздік кеңесінің құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі болды.