9 тамызда, жексенбіде, Астанада спорттық іс-шараға байланысты бірнеше көшеде жүріс-тұрыс уақытша шектеледі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Елорда әкімдігі жыл сайынғы Jüregımnıñ Jenımpazy жүгіру фестиваліне байланысты көлік қозғалысына шектеу енгізілетінін ескертті. Шараға 7 мыңға жуық қатысушы мен қонақ келеді деп күтілуде.
Сонымен, 9 тамызда келесі көшелерде жүру шектеледі:
07:00-ден 08:05-ке дейін — Түркістан көшесінің Abu Dhabi Plaza ғимараты бағытындағы бір жолағы ішінара жабылады;
07:00-ден 07:40-қа дейін — Ұлы Дала даңғылы толығымен жабылады;
07:10-дан 09:15-ке дейін — Акмешіт көшесінің бойындағы бір жолақ ЭКСПО алаңындағы мәреге қарай ішінара шектеледі.
«Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге өз бағдарын алдын ала жоспарлау ұсынылады. Ауқымды шараны түсіністікпен қабылдауларыңызды сұраймыз», — делінген әкімдік хабарламасында.


