Астанада Абылай хан даңғылындағы қоғамдық көлікке арналған бөлінген жолақтың жұмыс режимі өзгереді: 7 қарашадан бастап ол демалыс және мереке күндерін қоса, аптаның барлық күні жұмыс істейді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Елорда әкімдігінің баспасөз қызметі түсіндіргендей, өзгерістер Пушкин көшесінен Манас көшесіне дейінгі аралыққа қатысты болады. Бұған дейін жолақ тек жұмыс күндері ғана жұмыс істеп келген.

«Атап айтқанда, 7.5.2 «Жұмыс күндері» қосымша ақпараттық жол белгісі бөлшектеледі. Осыған байланысты автобус жолағы демалыс және мереке күндерін қоса, аптаның барлық күні жұмыс істейтін болады. Бұл ретте оның уақыттық режимі өзгеріссіз қалады. Автобус жолағы 06:30-дан 20:00-ге дейін жұмыс істейді», — делінген әкімдік хабарламасында.

Қалалық әкімшілік жүргізушілерге жол белгілерінің талаптары мен жол жүру ережелерін қатаң сақтау қажеттігін де еске салды.

«Автобус жолағына қатысты талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Тіркелген құқық бұзушылықтар бойынша айыппұл салынады», — деп атап өтті баспасөз қызметінде.