Астана әкімдігі қоғамдық көлікте қолма-қол ақшасыз төлем жасағанда жол жүру құнын 150 теңгеге көтеруді ұсынып отыр. Жаңа тариф 2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап күшіне енуі мүмкін, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жаңа тариф қазіргі бағадан 40 теңгеге, яғни шамамен 36%-ға қымбат.
Әкімдікте бағаның өсуін тасымалдаушылардың шығыны артуымен түсіндіреді. Ведомство дерегінше, 2014 жылдан бері дизель отынының бағасы литріне 107 теңгеден 329 теңгеге дейін көтерілген. Ол кезде автобус жүргізушілері орта есеппен 100–150 мың теңге алатын болса, қазір олардың жалақысы 700 мың теңгеден басталады, ал мөлшері автобус сыныбы мен жұмыс режиміне байланысты. Қосалқы бөлшектер, жөндеу жұмыстары және автобустардың өзі де қымбаттады. Соңғы үш жылда тасымалдаушылар елорда үшін 1127 жаңа автобус сатып алған.
«Пайдалану шығындарының өсуіне, қоғамдық көліктің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету қажеттілігіне, автобус паркін одан әрі жаңартуға және бағыт желісін дамытуға байланысты 1 желтоқсаннан бастап қолма-қол ақшасыз төлем кезінде жол жүру құнын 150 теңге мөлшерінде белгілеу ұсынылып отыр», — деп мәлімдеді әкімдікте.
Әкімдіктің хабарлауынша, қазіргі жеңілдік санаттары үшін тегін жүру сақталады. Олардың қатарында зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы отбасылар және Астанада оқитын 18 жасқа дейінгі балалар бар.
Тарифті көтеру туралы шешім әзірге қабылданған жоқ. Егер ол бекітілсе, 1 желтоқсаннан бастап қолма-қол ақшасыз төлем кезінде жол жүру 150 теңге тұрады.
Бұған дейін «Курсив» Астанадағы ЖРТ жолаушылары үшін жаңа тарифтер енгізілгенін жазған болатын.


