Қазақстан астанасында көлік тоннелінің құрылысына байланысты Алматы көшесінің бір бөлігінде жыл соңына дейін қозғалыс шектеледі, деп хабарлайды infohub.kz.

Қала әкімдігінің мәліметінше, Астанада Алматы көшесінде — Мәңгілік Ел даңғылынан Сауран көшесіне дейінгі аралықта көлік тоннелінің құрылысы жалғасуда. Осыған байланысты 15 тамыздан бастап ағымдағы жылдың соңына дейін Алматы көшесінің Түркістан көшесінен Мәңгілік Ел даңғылына дейінгі учаскесінде қозғалыс толығымен жабылады. Ал Алматы/Түркістан және Алматы/Мәңгілік Ел қиылыстары ашық қалады.

Әкімдік жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді маршруттарын алдын ала жоспарлауды сұрайды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қолайсыздықты азайту үшін уақытша жол белгілері мен көрсеткіштер орнатылады. Билік аталған өзгерістерді түсіністікпен қабылдап, қала бойынша жүру кезінде ескеруді сұрайды.

Бұған дейін Астананың Есіл ауданында Алматы көшесінде ұзындығы 800 метр көлік тоннелінің құрылысы басталғаны хабарланған болатын. Ол салынып жатқан Президенттік кітапхананың жанындағы жаңа жол айрығының бөлігі болады.