Қазақстан астанасында қалалық электр желісіне қосылмай жұмыс істейтін электромобильдерге арналған автономды күн зарядтау станциясы жұмысын бастады. Бұл пилоттық жоба ел бойынша осындай нысандар желісін құруға негіз бола алады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Экологиялық хаб «Алатау» спорт кешенінің аумағында орналастырылды. Оны әзірлеуші — BOLASHAQ POWER қазақстандық кәсіпорны.
Станция off-grid форматында жұмыс істейді, қуаты 100 кВт күн генерациясын жалпы сыйымдылығы 645 кВт·сағ энергия жинақтағыштармен біріктіреді. Нысан Қазақстанның Жасыл таксономиясының талаптарына да сәйкес келеді.
Қазіргі уақытта жоба қатысушылары республикалық трассалар бойына, қалаларға, өнеркәсіптік кәсіпорындарға және басқа да инфрақұрылым нысандарына осындай станциялар орнату мүмкіндігін қарастыруда.
ҚР экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаевтың айтуынша, міндет — жекелеген демонстрациялық жобалардан толыққанды инфрақұрылымға көшу. «Біз жеке жасыл нысандарды емес, төмен көміртекті экономиканың тұтас инфрақұрылымын құруымыз керек, онда жаңартылатын энергетика, электр көлігі, инновациялық технологиялар және көміртекті жобалар біртұтас жүйе ретінде жұмыс істейді», — деп атап өтті ол.
Ведомствода мұндай желіні дамыту бір мезгілде электромобильдерге арналған инфрақұрылымды кеңейтуге және оларды пайдаланудың көміртегі ізін азайтуға мүмкіндік береді деп санайды. Сонымен қатар, мұндай жобаларды Париж келісімінің 6-бабы аясында Қазақстанның жеке инвестицияларды тартуы және климаттық жобаларын дамыту үшін пайдалану жоспарлануда.


